Әлихан
Бөкейхан
Көрнекті қоғам
және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі,
Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. Ол 1866
жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ауылында туған.
Бөкейханов қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын, төрт
түлік малын, жер-суын, қысқасы әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты
зерттеген санаулы ғалымдардың бірі. Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына
келген Уақытша үкімет жағдайында облыс дәрежесіне көтерілген алғашқы қазақ болатын.
Ұлттық мемлекет құру оның түпкі мақсаты болатын. Оның жетекшілігімен 1917 жылы
шілдеде 1-жалпықазақ сиезі өткізілді,
сондай-ақ «Алаш» партиясы құрылды.1917 жылының желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш аутономиясы жарияланып, Ә. Бөкейханов сол алғашқы Қазақ
республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады. 1919 ж. большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға
жасаған кешірімнен кейін Ә. Бөкейханов қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке
арнады. Бірақ, ұлттық намыстан жұрдай, жалған интернационалист, жадағай
белсенділердің көрсетуімен ол 1926 ж. екі рет
тұтқындалып, түрме азабын тартты. Ә. Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады,
зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады.
Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 ж.тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін
жалған жаламен 67 жасында Мәскеуде ату жазасына
жазасына кеседі.
Ахмет
Байтұрсынұлы
Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы
жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен
әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы,
көрнекті ағартушы. 1873 жылы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек
ауылында туған. Тұтас буынның төлбасы болған Байтұрсыновтың алғашқы кітабы –
«Қырық мысал» 1909 жылы жарық
көрді. Бұл кітабында надандық, тәкаппарлық, күншілдік, аңқаулық, залымдық т.б.
теріс қылықтарды әшкереледі. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары
кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді.
Байтұрсынов редакторлық жасаған «Қазақ» газетінің Қазақ елінің азаттық
қозғалысы тарихында алатын орны ерекше. Байтұрсыновтың ақын, аудармашы,
ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға
ие болды.1918-19 жж. Алашорда қатарында болады. 1919 ж. маусымның 24 Қазақ өлкесін басқаратын
Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалады.
1922-25 жж. Қазақстан
Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық
ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі, Түркістан
Компартиясы ОК-нің органы «Ақ жол» газетінде қызметкер.1925-29 ж. Қазақ халық
ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушы болды. 1929 ж. маусымында қамауға алынып өзі Архангельск облысына жер
аударылған, ал жұбайы мен қызы Томскіге жіберілген. 1934ж. Қызыл Крест
комиссиясында қызмет еткен Е. Пешкованың (Максим Горькийдің зайыбы)
қолдаухатымен Ахмет Байтұрсынұлы босатылған. Сол кезде ол жанұясымен бірге
Алматыға қайта оралған. 1937 ж. қазан айында
Ахмет Байтұрсынұлы тағы да қамауға алынған, екі айдан соң, желтоқсанның 8 күні «халық жауы» есебінде атылған.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы
Французша және еркін күрестерден көптеген халықаралық
чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы; әлемдік спорт аренасына шығып, шетелдердегі
жарыстарда атақ-даңққа бөленген тұңғыш қазақ. 1883 жылы Ақмола облысы Қараөткел
ауылында туған. Оның палуандық жолы 1901 жылы басталады. 1908 жылы Германияның
Кельн қаласында өткен жарыста, шешуші белдесуде немістің атақты палуаны Генрих
Веберді жеңіп, бірінші рет әлем чемпионы болды. 1909 жылы Рига қаласында дүние
жүзінің атақты палуандары қатысқан үлкен жарыста бас бәйгені жеңіп алды. 1911
жылы Стамбулда түріктің атақты палуаны Нұрлыны жыққаны үшін «қажы» атағы
беріліп, Қажымұқан атанды.
Мұхтар
Әуезов
Қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы, көрнекті қоғам
қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ҒА-ның академигі, филология ғылымдарының
докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. 1897 жылы бұрынғы Семей уезі, Шыңғыстау
болысының №8 ауылына қарасты Аяққараған деген жерде, орта дәулетті отбасында
дүниеге келген. Ол прозалық туындылармен, драмалық шығармалармен, көркем
аударма және ғылыми зерттеулерімен қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлкен үлес
қосты. Ұлы жазушының қаламынан туған шығармалары ондаған әлем тілдеріне
аударылды. Абайтану пәнінің негізін қалады. Әйгілі «Абай жолы»
роман-эпопеясының авторы.
Қаныш
Сәтбаев
Қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған аса көрнекті
ғалым, жеріміздің қазына байлығын көптеп тауып, ел игілігіне жаратуға дәнекер
болған ұлы геолог-барлаушы, геология-минеорология ғылымдарының докторы,
профессор, академик. Қазақстанның ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның
тұңғыш президенті. Ол Павлодар облысында дүниеге келген. Қаныш жастайынан тілге
шешен, қазақтың ескі тарихын, өлең-жырларын жақсы білетін әкесінің шапағатты
өнегесін алып өскен.
Әбілхан
Қастеев
Кескіндемеші-график, қазақ бейнелеу өнерінің негізін
салушы. 1904 жылы қазіргі Алматы облысы Жаркент ауданы Шеткін ауылында туған.
Кескіндеме, графика салаларында жүздеген туындылар қалдырған аса дарынды суретші. Суретші
халқымыздың тұрмыс-тіршілігін дәл бейнелей білді. «Биік таудағы мұз айдыны»,
«Гүл ашқан алма», «Қапшағай ГЭС-і» секілді көптеген туындылары өзіндік
қолтаңбасымен ерекшеленген.
Бауыржан
Момышұлы
Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, ержүрек
қолбасшы, әскери қайраткер, қазақтың көрнекті жазушысы, Кеңес Одағының Батыры,
Қазақстанның Халық қаһарманы. 1910 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы Көлбастау
қонысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталысымен Панфиловтың басшылығымен
Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы құрамында майданға аттанып,
батальон, полк командирі болды. Кейін гвардиялық дивизияны басқарды. Мәскеу
түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі аңызға айналды. 1941 жылы 27 рет шабуылға
бастап шыққан. 5 рет қоршауды бұзып, аман-есен дивизиясына қосылды. 9 рет асқан
ерлік үлгісін көрсетті.
Дінмұхамед
Қонаев
Қазақстанды ширек ғасыр бойы басқарған қазақ халқының
көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым. 1912 жылы Алматы қаласында
туған. Қазақстан ҒА-ның академигі, техника ғылымдарының докторы, үш мәрте
Социолистік Еңбек Ері. Қонаев өмірінің 45 жылға жуығын ел басқару ісіне арнады,
ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Республика аумағының тұтастығын сақтап қалуда
үлкен табандылық көрсеткен. Д.А. Қонаев – ірі ұйымдастырушы және мемлекет
басшысы ретінде Қазақстанның тарихында, оның халқының жүрегінде сақталып қалған
белгілі тұлға.
Күләш
Байсейітова
Қазақ
халқының әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам
қайраткері. Ол 1912 жылы Қарағанды облысының Шет ауданында дүниеге келген.
М.Әуезовтің» Еңлік – Кебегіндегі» – Еңліктің, «Айман – Шолпанда» – Айман, «Қыз
Жібек» операсындағы Жібектің рөлдерін ойнаған. Күләш Байсейітова концерттік
әнші ретінде де дүние жүзіне танылған қайталанбас дарын иесі болды. КСРО халық
әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Бигелдинов
Талғат
Әскери ұшқыш, авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңес
Одағының Батыры. 1922 жылы Ақмола облысы Ақкөл ауданы Майбалық ауылында туған.
1943 жылдың ақпанынан майданға жіберіліп, сол жылғы 7 наурызда «Ил-2»
шабуылшы ұшағымен жаудың «Мессер-шмитт–109» жойғыш ұшағын атып түсірді. Бұл
ерлігі бұрын-соңды кездеспеген оқиға ретінде әлемдік авиация тарихына енді.
Соғыс кезінде ол 305 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып шығып, жаудың жүздеген
танктерін, зеңбіректері мен солдаттарын жойды. Әуе шайқастарында фашистердің 7 самолетін атып түсірді.
Бигелдинов Ұлы Отан соғысын барлаушы авиаэскадрилья командирі, капитан
дәрежесімен аяқтады.
Әлия
Молдағұлова
Қазақ халқының батыр қыздарының бірі, Кеңес Одағының
Батыры 1925 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Қобда ауданында дүниеге келген.
Әке-шешесінен жастайынан айырылған ол ағасының тәрбиесінде болып, олармен бірге
Ленинградқа көшіп келеді (ағасы офицер болған). Кейіннен Ленинградтағы балалар
үйінде тәрбие алады.
1942 жылы өз еркімен соғысқа аттанады. 1944 жылы
Ленинград маңындағы елді мекенді азат етуге қатысады. Алдыңғы шепте жүрген
Әлия: «Отан үшін алға!» - деп, барлық жауынгерлерді
соңынан ертіп, жауға қарсы ұмтылады. Жаудың бораған оғына қарамастан қыстаққа
бәрінен бұрын кіріп, бірнеше жаудың көзін жояды.
Әлия соғыс жылдары ірі-ірі шайқастарға қатысып,
мергендігімен аты шықты. Ер жүрек мерген қыз 20-ға да толмаған қыршын жасында
жау оғынан көз жұмды.
Мәншүк
Мәметова
Қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры. 1922 жылы
Батыс Қазақстанның Орда ауданында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №28
мектепте оқыған. Мәншүк Ұлы Отан соғысы басталғанда, 1942 жылы Алматы
қаласындағы медицина институтында оқып жүрген еді. Ол өз еркімен сұранып қазақ
ұлттық 100-бригадасы құрамында майданға аттанады.
Мәншүк Мәметова – Невель қаласын қорғау кезінде ақырғы
оғы қалғанша жауды қырып, ерлікпен қаза тапты.
Қасындағы жолдастарынан айырылған Мәншүк үш пулеметті
қатарынан қойып, жауды 3 сағат бойы жалғыз бөгеп тұрған.
Невель қаласын корғаудағы ерлігін мәңгі есте қалдыру үшін
қаланың бір көшесі Мәншүк Мәметова есімімен аталады. Қаһарман қызға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Мұқағали
Мақатаев
ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. М.
Мақатаев өзінің өлеңдері мен поэмалары арқылы қазақ әдебиетін жаңалықты
мазмұнмен байытты. Оның шығармалары оқырманға ерекше әсер етіп, адамның ішкі
жан-дүниесінің сыры мен шындығы ретінде оқылады. 1931 жылы Алматы облысы
Райымбек ауданы Қарасаз ауылында туған. 650-ден астам лирикалық өлеңдерінде
адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер
турасында терең толғаған. Мұқағали лирикасы қазақ әдебиетіне қомақты мұра боп
енді. Мұқағали поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам
тартты. Қазақстан Жазушылар одағының шешімімен Мұқағали «Ғасыр ақыны» атанды.
Нұрсұлтан
Назарбаев
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, мемлекет
қайраткері. 1940 жылдың 6 шілдесінде Алматы облысындағы Қаскелең ауданының
Шамалған ауылында дүниеге келген. Нұрсұлтан Әбішұлының мамандығы – металлург.
Жастық шағын Теміртау мен Қарағандыдағы темір өндіру зауытында өткізген.
Жастайынан қызметтерге де ерте араласты. Қырық төрт жасында Үкімет төрағасы
атанды. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті болып
сайланды. Еліміздің Ата заңы мен мемлекеттік рәміздері қабылданды. Қарулы
күштері құрылды. БҰҰ-ға мүше болды. Осының барлығы президенттің атымен тығыз
байланысты. Елбасымыздың аты қазір әлемге әйгілі.
Тоқтар
Әубәкіров
Қазақтың тұңғыш ғарышкері, техника ғылымдарының докторы,
профессор, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының батыры, Қазақстан
Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері.
1946 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы 1-Май ауылында туған. Әубәкіров
1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде қонбай ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру
арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1990 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен
ғарышқа ұшты. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия,
медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын
жүргізді. |