Қайран Елім - Қазақ Елі
Бейсенбі, 23.02.2012
Қайран Елім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының  сайты
Бір ұлт
Бір тіл
Бір мүдде
Сайт мәзірі
Бөлім санаттары
Тіл [29]
Дін [7]
Әлем [19]
Аймақ [7]
Қоғам [30]
Отандас [47]
Руханият [16]
Түркі Әлемі [4]

Сөйлесейік

Пікіртерім
Қандастарымыздың Елге оралуын қалайсыз ба?
Барлық жауаптар саны: 190
Санақ

Қазір онлайн: 3
Қонақтар: 3
Қолданушылар: 0
free counters
Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігіне  20 жыл!
Егемен Қазақстан унитарлық мемлекет. Жер көлемі 2 млн 724,3 мың шаршы шақырым. Азия аумағының 6,1%-ын алады, сондықтан да әлемдегі ірі мемлекеттер қатарына жатады.
Қазақстан – Еуразия материгінің бел ортасында орналасқан мемлекет, оның табиғи ресурстары бай және экономикалық қуаты күшті. Қазақстанның жер көлемі тұтас Батыс Еуропа елдерінің аумағына тең. Шекарасының ұзындығы 15 мың шақырымнан астам, оның ішінде 12 мың шақырымы құрлық. Ал 3000 шақырымнан астамы су арқылы өтеді. Батысы мен Солтүстігінде Қазақстан Ресеймен (6467 км), оңтүстігнде Түркмениямен (380 км), Өзбекстанмен (2300 км) және Қырғыстанмен (980 км), шығысында Қытаймен (1460 км) шектеседі. Каспий теңізі арқылы Қазақстан Әзірбайжанға және Иранға, ал Еділ-Дон каналы арқылы Азов және Қара теңіздерге шыға алады. Қазақстанда – Шығыс Қазақстан облысындағы 78-меридиан мен 50-параллельдің қиылысқан жерінде – Еуразияның географиялық орталығы орналасқан. Республикада 85 мыңнан аса өзендер бар. Қазақстан әлемдегі ең үлкен көл – Каспий теңізіне ( 390 мың шаршы шақырым) шыға алады.
Менделеев кестесіндегі белгілі элементтердің республикада 99-ы табылған, 70-інің қоры зерттеліп, 60-тан астамы өндіріске қосылған. Сөйтіп, республикамызда әлемде вольфрам қоры бойынша бірінші орында, хромит және фосфор кені бойынша екінші, ал марганец кені бойынша үшінші орында. Ғалымдардың бағалауынша, Қазақстан минералдық қоры бойынша әлемде алтыншы орында, тек қана зерттелген қойнауларының өзі 10 триллион АҚШ долларымен бағаланады. Қазақстан аумағында 400-ден аса көмір орындары бар, ал көмірдің жалпы қоры 140 – 160 млн. Тонна деп анықталып, газ қоры 1 трлн. 170 млрд. текше метр құрайды.
1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан БҰҰ-ға мүше болып, бүгінге оны 120-дан астам мемлекеттері таныды, ал 70-тен астам мемлекетпен елшілік деңгейіндегі дипломатиялық қатынаста. Қазақстан 800-ден астам мемлекетаралық келісім шарттар мен келісімдерге қатысады. Республика 9 халықаралық қаржы ұйымдарының мүшесі болып табылады.
Бүгінгі таңда республика әлемнің 145 мемлекетімен сыртқы сауда әрекеттерін жүргізеді. Қазақстан аумағында шетелдік инвестицияның қатысуымен құрылған 5000-ға жуық кәсіпорын тіркелген. Қазақстанның тәуелсіздігі кезеңінде сыртқы саяси әрекеттер аса зор тарихи маңызы бар міндеттерді орындады, біздің шекара бойымен мығым халықаралық-құқықтық негіздегі қауіпсіздік, бейбітшілік және достық белдеуі қалыптасқан.
Қазақстан егемен және тәуелсіз мемлекет болып орнығып, дүниежүзілік қауымдастықтың толыққанды мүшесі, оның ажырамас бөлігіне айналады деп толық айта аламыз. 2010 жылы Қазақстан Еуропадағы, Әлемдегі ең беделді Ұйымдардың бірі ОБСЕ-ге төрағалық етуде.
 
Ақпарат "Жаднама" жинағынан алынған
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
1996 жылдың 24 қаңтарында Президент әнұран, елтаңба және ту жөнінде
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заң күші бар Қаулы қабылдады.
 
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк  гербі
 
 
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ГЕРБI, елтаңба — Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. ҚР Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституц. заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Рәмiздiк тұрғыдан ҚР мемл. гербiнiң негiзi — шаңырақ. Ол — гербтiң жүрегi. Шаңырақ — мемлекеттiң түп-негiзi — отбасының бейнесi. Шаңырақ — Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ — киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Бес бұрышты жұлдыз гербтiң тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Қ. р. м. г-нiң авторлары — Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлиханов.
 
www.akorda.kz сайтынан алынды
 
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы
 
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ТУЫ – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiрi. ҚР Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституц. заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Мемл. ту көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста — ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек — алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең. ҚР мемл. туының авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков. Бiрыңғай көк-көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде — көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде "көк” сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотик. тарихына сүйене отырып, мемл. тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн — қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.
 
http://www.akorda.kz  сайтынан алынды
 
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк әнұраны
 
сөзі: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңкымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
әні: Шәмші Қалдаяқовтыкі
 

 
http://www.akorda.kz  сайтынан алынды
 
 
ҚАСИЕТІ ЖЕРІМНІҢ ҚЫСҚА ТАРИХЫ
 
Ақ Орда
 
Қазақ хандығының негізін қалаған Ақ Орда моңғол шапқыншылығынан кейін ХІІІ ғасырда пайда болып, ХҮІ ғасырдың 20-жылдарына дейін өмір сүрді. Ақ Орда мемлекетінің негізін салған – Жошы ханның үлкен ұлы Орда-Ежен. Оның ұрпақтары мемлекет күйрегенге дейін билік жүргізген. Ақ Орданың құрамына Жетісудан басқа қазіргі Қазақстанның барлық аймағы кірген. ХІІІ ғасырда оның орталығы Шығыс Қазақстанның Ертіс өзені маңында болса, кейін ол оңтүстікке, Сырдария өзенінің бойында орналасқан Сығанақ қаласына көшірілді. ХІҮ ғасырдың басында Ерзен хан Сығанақ және Сырдария маңындағы басқа да қалалардың жағдайын жақсартып, көркейтті. Алғашында Ақ Орда Алтын Орданың бір бөлігі боп есептелген. Уақыт өте Орда-Еженнің кейбір ұрпақтары өз бетінше өмір сүру үшін Алтын Орда билеушілерімен соғыс жүргізді. Билік үшін күресте Алтын Орда күйреп әлсірейді. Бұл кезде, ХІҮ ғасырдың екінші жартысында, Ақ Орда тәуелсіздікке қол жеткізеді. Бірақ осыған дейін де Ақ Орда билеушілерінің кейбірі тәуелсіз хандар ретінде өз теңгелерін соға бастаған. Мемлекеттің ең қуатты билеушісі әмір Темірмен көп соғысқан Орыс хан еді. ХІV – ХV ғасырларда Ақ Ордадағы қазақ халқының негізін қалаған түркі және түркі тілдес моңғол тайпалары (қыпшақтар, керейлер, арғындар, наймандар, қоңыраттар және т.б.) болды. Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі – Моғолстан мемлекеті. Ол ХІV ғасырда Шағатай ұлысының құлдыраған кезінде пайда болды. Моғолстан мемлекетінің құрамына Жетісу аймағы, Қырғызстан және Шығыс Түркістан кірген. Бұл жерлерде дулат, жалайыр, үйсін, қаңлы, және басқа түркі тілдес тайпалар мекендеген. Моғолстан тұрғындары негізінен көшпелі және жартылай көшпелі өмір сүріп, мал шаруашылығымен айналысқан. Мемлекет Орта Азияның ұлттық және мәдени өмірінде маңызды рөл атқарды. Моғолстанның күйреуіне әсер еткен басты тарихи оқиға – ХV ғасырдың ортасында оның батыс бөлігіне Шығыс Дешті - Қыпшақтан тайпалар тобының қоныс аударуы. Оған Орыс ханның шөберелері Керей мен Жәнібек басшылық етіп, шамамен 1465-1466 жылдары Қазақ хандығын құрған еді.
 
Әбілхайыр хандығы
 
Ақ Орда құлдырағаннан кейін оның басым бөлігінде Әбілхайыр хандығы орнады. Әбілхайыр хан – Шибан ұрпағы, Жошының немересі. Ол хан тағына 1428 жылы келіп, 40 жылдай билік жүргізген. Әбілхайыр хандығы батысында Еділден бастап, Шығысында Балқаш көліне, оңтүстігінде Сырдария сағалары мен Арал теңізіне, солтүстігінде Тобыл мен Ертіске дейінгі ұлан-ғайыр аймақты алып жатты. Бұл жерлерде қыпшақтар, керейлер, наймандар, арғындар, қоңыраттар және басқа түркі тілдес тайпалар өмір сүрген. Мемлекеттің орталығы Батыс Сібірдегі Шымға Тура қаласы болған. Кейін ХҮ ғасырдың 40-жылдары Әбілхайыр хан Сырдария маңындағы қалаларды басып алып, астанасын Сығанаққа көшірді. Хандық құрамына Сығанақтан басқа Ясы, Отырар, Өзгент қалалары кірді. Бұл жерлерде қолөнер, сауда және егін шаруашылығы дамыды. Қалалық тұрғындар көшпелі халықты азық-түлікпен, үй жиһазымен, киім-кешек және басқа да керекті заттармен қамтамасыз етіп тұрды. Әбілхайыр хан Шыңғыс ұрпақтары және шет ел басқыншыларына қарсы жиі-жиі аяусыз күрес жүргізіп отырған. 1459-1460 жылдары Әбілхайырмен болған күрестің нәтижесінде Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек өз жерлерін тастап, Моғолстанға қоныс аударды. Сол жерде олар жаңа мемлекет – Қазақ хандығының іргесін қалады.
 
Ноғай Ордасы
 
Қазақ хандығының негізін салушы мемлекеттердің бірі Ноғай Ордасы болды. Орданың осылай аталуының өз тарихы бар. Алғашқы кезде мемлекет бірігудің ұйтқысы болған маңғыт тайпасына байланысты «Маңғыт жұрты» деп аталған. Содан кейін маңғыт тайпасынан шыққан алтынордалық билеуші Ноғайдың ( ХІІІ ғ.) есімін алып, Ноғай Ордасы аталынды. Ноғай Ордасының әулетін де маңғыт тайпасынан шыққан әйгілі Едіге әмір басқарған. Едіге ұрпақтарының шыңғыстықтарға тиісті хан лауазымына құқығы болмаған. Сондықтан олар билікті «бек» деген лауазыммен жүргізген. Ноғай Ордасының жер көлемі өте үлкен еді. Мемлекет орталығы Еділ мен Жайық өзендерінің аралығына орын тепкен. Басты қағанат Жайық өзенінің оң жағалауындағы Сарайшық қаласында орналасқан. Халқы Дешті-Қыпшақты ежелден мекендеген маңғыт, алшын, жалайыр, қаңлы, керей, қыпшақ, найман, тама, арғын, үйсіндерден құралған. Кейіннен олардың көпшілігі қазақ халқының құрамына кіреді. ХҮІ ғасырдың екінші жартысында ішкі және сыртқы жағдайларға байланысты Ноғай Ордасы жекелеген иеліктерге бөлініп, ыдырап кетеді. Аумақтың көп бөлігі қазақтардың кіші жүз құрамына енеді.
 
Сібір хандығы
 
Сібір хандығы ХҮ ғасырдың аяғында Алтын Орда күйрегеннен кейін құрылды. Хандық құрамына Батыс Сібір және Қазақстанның кейбір солтүстік жерлері кірген. Ол жерлерде түркі тілдес керей, арғын, қыпшақ, найман және басқа тайпалар мекендеген. Халықтың басым бөлігі ислам дінін ұстанған. Сібір хандығы Моңғолия, Батыс Қытай және Ресеймен (көбінесе аң терісімен) сауда-саттық жүргізген. Сібір хандығындағы билікке шыңғыстық шибан ұрпақтары мен керейлік Тайбұғы руы таласты. ХҮ ғасырдың аяғында Тайбұғы руының ханы Махмет Сібір мен Мәскеу мемлекеті арасындағы байланысты қалыптастырған шибандық Ибақ ханды тақтан құлатып, билікті өз қолына алды. ХҮІ ғасырдың бірінші жартысында Сібір хандығына қазақтар, өзбектер, және ноғайлар көшіп келе бастайды. Хандықтың жағдайы қиындай түседі. Сібір ханы Едіге орыс билеушілеріне тәуелділігін мойындайды. Алайда 1563 жылы билік басына келген шибандық Көшім хан оларға бағынбай, Ермак бастаған казак жасағымен соғысады. 1582 жылы Ермак хандықтың астанасын басып алады. Сібір хандығы өмір сүруін тоқтатады. ХҮІІ ғасырдың соңында бұл өңірлерде Төмен, Тобыл, Березов, Обдарск деген орыс қамалдарының іргесі қаланады. Бұл Ресейдің бүкіл Сібір жерін жаулай бастауы еді.
 
Түркістан
 
Түркістан – қазақ жеріндегі ең көне қалалардың бірі. Оның тарихы ең кемі 2000 жыл, мүмкін одан да бұрын пайда болған. Себебі қала өте қолайлы жерге орналасқан, табиғаты тамаша, маңайы таулар мен өзендер, жері құнарлы. Сонымен қатар Түркістан -төрт жолдың торабы, ол Батыс пен Шығыс, Оңтүстік пен Солтүстіктен келген керуен жолдарының түйісетін жері. Ең бастысы, Түркістан - түркі халықтарының саяси және рухани орталығы. Бұл жерді түрік елінің билеушілері ежелден мекен еткен. Түркістанда қазақ жеріне сопылықты таратқан Қожа Ахмет Йасауидің әдемі күмбезі бар. Ол жерге қазақтар ертеде өзінің ұлы адамдарын жерлеген (пантеон). Түркістанда 1771 жылы атақты Абылай ханды үш жүздің билеушісі ретінде ақ киізге көтеріп хан сайлаған. Қазір Түркістан – Қазақстанның гүлденген, тарихи ескерткіштері көп, саудасы дамыған қалаларының бірі.
 
Алматы
 
Алматы – тарихи қала. Ол ІХ – ХІІ ғасырларында көне түрік қағанаттары заманында сауда-саттығы, өнеркәсібі өркендеген қала болған. Оның сол кездегі аты – Алмалық (Алмату). 1854 жылы Ресей әскери бекінісі ретінде қайта құрылып, 1921 жылға дейін Верный деп аталып келген. 1921-1993 жылдары орысша Алма-Ата деп аталып келді. 1993 жыл өз тарихи атауы Алматы атына ие болды.
 
Ақмешіт
 
Ақмешіт – Сырдария өзені бойында орналасқан облыс орталығы. Ол 1853 жылға дейін Ақмешіт, ал 1853-1922 жылдар аралығында Перовск, 1922-1925 жылдары қайтадан Ақмешіт деп аталған. 1925 жылы қайта Қызылорда болып өзгерді.
 
Отырар
 
Отырар – ертеден шығыс әлеміне танымал болған қала. Кейбір деректер бойынша, оның орнында осыдан екі жарым мың жыл бұрын алғашқы қоныстар болған. VI-VIII ғасырларда Отырар Сырдария өзенінің орта ағысындағы саяси орталық болды. Кейін IX-XII ғасырларда сол аймақтың басты қалаларының біріне айналады. Отырар Қазақ хандығы заманында мәдениеті мен экономикасы жақсы дамыған орталықтардың бірі болған. Отырар қаласының гүлденіп, орта ғасырдағы ірі қала орталығына айналуына оның орналасқан орны үлкен әсер етті. Бұл қаланың тез өсуіне қолайлы жағдай жасаған Ұлы Жібек жолы болды. V-ХV ғасырларда Отырар қаласы Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын орталыққа айналды. Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Отырарға жан-жақтан көпестер келіп-кетіп жатты. Мұнда медреселер, базарлар, ұстаханалар, тіпті қонақүйлер мен мешіттер, монша, сауда дүкендері жұмыс істеген. Мықты дуалмен қоршалған қалаға кіретін бес қақпа болған. Қала билеушілері, байлар, ірі саудагерлер қаланың орталық бөлігінде тұрды. Ал сыртында қарапайым халық қоныстанды. Қала екі үлкен дуалмен қоршалған. Біріншісі қаланың бүкіл аумағын қоршай салынды. Екінші дуал қаланың ауқатты адамдары тұратын орталық бөлігін басқалардан бөліп тұратын. Отырар қаласы өз заманында небір қырғын шайқасты басынан кешірген.
 
Қозыбасы
 
Қазақ мемлекеті құрылған аумақ. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері – Шу бойы мен Қозыбасы деп айтылады. Қозыбасы ХІV-ХV ғасырларда өмір сүрген Моғолстан мемлекетінің батыс бөлігіндегі өңір.
 
Ордабасы
 
Ордабасы – Ордабасы құрылтайы 1726 жылы қазақтың үш жүз өкілдерінің Ордабасы тауындағы тарихи бас қосуы. Онда жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруді ұйымдастыру және қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мәселе қаралды. Ордабасы жиынында Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып тағайындалды. Осы жолғы қазақтың үш жүзінің бас қосқан қимылдарының нәтижесінде қазақ халқы 1727 жылы жоңғарлармен болған Бұланты-Білеуті шайқасы мен 1729-1730 жылдардағы Аңырақай шайқастарында жеңіске жетті. Қазіргі кезде осы тарихи жиынның белгісі ретінде Ордабасы төбесіне қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін көп еңбек сіңірген атақты үш биге ескерткіш орнатылған.
 
Орынбор
 
Орынбор 1735 жылы бекініс қамал ретінде қаланып, аты Ор өзенінің атына байланысты қойылған. Бұл жерде ірі сауда алаңы ашылып, сауда сарайы салынды. Сауда алаңының Орынборға және қазақ даласына қараған екі үлкен қақпасы болды. Орынбор 1868 жылдан Ресейдің Қазақстан және Орта Азиямен арадағы ірі сауда орталығы болды. 1920 жылы 4 қазанда Орынборда Қазақ АКСР-і құрылды. Орынбор 1920-1925 жылдары Қазақ АКСР-інің астанасы болды.
 
Сарайшық
 
Сарайшық – ХІІІ ғасырдың басында Жайық өзенінің жағалауында негізі қаланған, ортағасырдағы ірі саяси, мәдени және сауда орталығы. Ол Шығыс пен Батысты байланыстыратын сауда жолының бойында орналасқан. ХІV ғасырда Сарайшық Ақ Орда мемлекетінің, содан кейін ноғай ұлысының орталығы болған. ХV ғасырдан бастап, ол қазақ хандығының әйгілі астаналарының бірі ретінде саналған. Сондай-ақ қала Алтын Орда хандары жерленген қасиетті жерге айналды. Қала туралы алғашқы дерек Х ғасырдағы парсы шығармасы «Худуд әл-Әлемде» кездеседі.
 
Ұлытау
 
Ұлытау – қасиетті жер, қазақ бірлігінің бастауы аталып келген. Әйгілі Тәуке ханды үш жүз өкілдері Ұлытауда хан сайлаған. Абылай ханның ордасы Ұлытауда болған. Әбілқайыр, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Бөгенбай, Қабанбай т.б. тарихи тұлғалардың өмірлері Ұлытаумен тікелей байланысты.
 
Астана
 
Қазақстанның тарихи даму барысында бірнеше қала астана қызметін атқарған. Мысалы, 1920-1924 жылдары Орынбор қаласы, 1924-1928 жылдары Қызылорда (Ақмешіт), 1928 жылдан Ақмола астана болғанша Алматы осы міндетті атқарды. Ақмола қаласы (Кеңес үкіметі кезінде Целиноград) 50-жылдардың ортасында тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде дами бастаған солтүстік облыс орталықтарының бірі болды. Бұл қала халықаралық жол тораптарының қиылысында орналасқан. Халықаралық әрі Қазақстанның өміріндегі маңызын ескере отырып, 1996 жылы 6 шілдеде астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруге шешім қабылданды. 1997 жылы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола Қазақстанның астанасы болып ресми түрде жарияланды. Ал 1998 жылы 6 мамырда елбасы Н.Ә. Назарбаев Ақмола қаласын Астана деп атауға жарлық шығарды. 1998 жылы 10 маусымда ресми түрде жаңа астананың тұсаукесер тойы болып өтті. Астана қаласын өркендетіп, гүлдендіру мақсатында арнайы «Жаңа астана» қоры құрылды. Мұнда құрылыс жүргізетін инвесторларға салықтық жеңілдіктер берілді. Қалада мемлекеттік әкімшілік орталықтары, мемлекеттік әкімшілік қызметкерлеріне арналған баспаналар, сауда т.б. құрылыс ғимараттары бой көтеруде. Астана өзінің сұлулығы әрі көріктілігімен еліміздің мақтанышына айналды.
 
Кіру түрі
Е-майл:
Кілтсөз:
Фотосуреттер

Іздеу
Күнтізбе
«  Ақпан 2012  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
  12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
272829
Мұрағат
Сілтемелер
  • Қазақша Уикипедия
  • Мәдени мұра
  • Тіл порталы  
  • Ертіс дидары
  • Мен қазақпын сайты
  • Қазақтар сайты
  • Мәскеу қазақтары
  • Мәссаған порталы
  • Абай порталы
  • Электронды кітапхана

     
  • Кездесейік  * Сөйлесейік * Бірігейік  ***   Copyright Kayranelim © 2009-2011
    Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде сілтеме жасалуы тиіс
    Форумдағы, чаттағы жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып есептелмейді
     
     Whois.1in.kz - рейтинг лучших сайтов Казнета Рейтинг ресурсов KAZ.KZ Resurs.kz: сайты Казахстана и раскрутка сайта Создать сайт бесплатно Каталог Казахстанских ресурсов TABU Сайты Казахстана, казахстанские сайты, казахские сайты, сайты в Казахстане HotLog