Қайран Елім - Дәстүрлер
Бейсенбі, 23.02.2012
Қайран Елім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының  сайты
Бір ұлт
Бір тіл
Бір мүдде
Сайт мәзірі
Бөлім санаттары
Тіл [29]
Дін [7]
Әлем [19]
Аймақ [7]
Қоғам [30]
Отандас [47]
Руханият [16]
Түркі Әлемі [4]

Сөйлесейік

Пікіртерім
Қандастарымыздың Елге оралуын қалайсыз ба?
Барлық жауаптар саны: 190
Санақ

Қазір онлайн: 3
Қонақтар: 3
Қолданушылар: 0
free counters

Халықтық дәстүрлер мен салт-сана рәсімдері

 

Халық педагогикасында тұрмыстық ереже болып, халықтың санасына сіңіп, салтына айналған әдет-ғұрыптардың тәрбиелік мәні арта бермек. Халықтың тұрмыстық іс-әрекет дағдысында үлгілі істер, әуелі дағды, содан соң ол дәстүрге әдет-ғұрыпқа, салт-санаға айналып өмір заңдылығы болып қалыптасқан. Ал, өмір заңын бұзу қоғам мүшесі үшін күнә, қылмыс «жүгенсіздік» деп есептелінеді.

 

Ата дәстүрін ардақтау – қазақтың  халық  педагогикасының  ұлттық  ұжданы. Егер  жеті  атасына  дейін ата  тегін, тарихын  білмейтін  ұрпақ  болса, оны « жеті  атасын  білмеген  жетесіз»  деп  халық  кінәлайды,  айыптайды,  жазғырады,  жазалайды.

«Атадан  бала  тусайшы,  ата  жолын  қусайшы»  деп,  халық  атадан  балаға мұра  болып   келе  жатқан  жақсы   қасиеттерді келесі  ұрпақтың  бойына  сіңіріп, ізгілікке  тәрбиелейді. « Шыншыл,  әділетті,  иманды  болу  сонау  арғы  ата – бабамыздан  бері  қалыптасып  келе  жатқан  дәстүріміз» дейді де, халық сол игі дәстүрді бұзған ұрпаққа айып  тартқызады. «Ат тұяғын тай басар» деп кейінгі ұрпақтың  ата салтын  бұзбауын талап етеді.  Әулеттік тағлымдар ата дәстүріне айналып, санаға сіңіп, салтқа биіктейді.

Ата дәстүрі бойынша ең әуелі әкені, содан соң атаны, ата-бабаны құрметтеп, солардың алдында ұрпақтық борыштарды өтеу – кейінгі  ұрпақтың міндеті. Ол ұрпақтық борыштар: ананың ақ сүтін, еңбегін  өтеу, ата  дәстүрлерін құрметтеп, одан әрі ол дәстүрлерді жалғастыру, адамгершілік  қағидаларды қалтқысыз орындау болып табылады. «Бір бала бар жасық туады, бір бала бар әкесінен асып туады» деп, халық «жасық» туған баланы  тәрбиелеп қатарға қосады., «асып туған» баланың  іс-әрекетін қуаттап, оны  уағыздайды.

Ата дәстүрі бойынша әрбір ұрпақ, ең азы жетінші ата-бабасына дейін аталарының аты-жөнін, олардың жақсы қасиеттерін, өсиет-өнегелерін өзіне үлгі-өнеге тұтуға тиіс.

Ата тегін ардақтау дәстүрі, көбінесе, от басында сөз болып, ата-ана балаларын ата-ананы, ата-бабаны сыйлауға тәрбиелейді.

Төменде ата дәстүрін ардақтау жөнінде жазылған екі әңгімені оқып, пікірлесуге ұсынып отырмыз.

 

Ер намысыхалықтық салттың ең бір қалыптасқан заңы. Бала тәрбиеленіп кісілікке жеткен соң, ол өз намысын қорғай білуге міндетті. Егер ер жігіт намысын қорғай алмаса, ол азаматтық беделін жояды. «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақал содан қалған. Ер бала әке жолын қуып, «әкеден де асып туып», қатарынан қалмай, алдына қойған мақсаттарын абыроймен орындауға борышты. Елін қорғау еңбек ету, ата-анасын ардақтау, өнер үйрену, күш-жігерлі болу, айтқан сөзінде тұру, әділетті болу, біруге жалынышты кіріптар болмау, әйел адамды құрметтей білу, жасық болмау тағы басқа ізгі қасиеттерді бойына сіңіру – ер-азаматтың намысы, абыройлы, ары. Әсіресе ұлттық дәстүрге сәйкес инабатты, иманды, ілтипатты болу – ер жігіттің айнымас ары, бұлжытпай орындайтын заңды борышы. «Түрі жылыдан түңілме» деген сөз содан қалған. Халықтың үкімдік заңын пір тұтқан ер азамат          «малым – жаным садағасы, жаным – арымның садағасы» деп, арына адал болған.

 

Қыз абыройыотбасының, елдің болашағы, босағаның беріктігі, өмірдің қызығы. Қазақ халқы «Қыздың жолы - жіңішке» деп, оның абыройын сақтауын қатаң қадағалап отырған. Қыздың абыройы оның ақыл-парасатына, инабаттылығына, махаббатты жоғары бағалауына, іске бейімділігіне, өнерпаздығына, білімдарлығына байланысты. Қазақ халқы қыздың абыройын жоғары бағалайды. Оның абыройлы болуына көбінесе ана жауапты деп қарап,  анасын ардақтай білмеген қыз, өз абыройын да сақтай білмейді деп тұжырымдайды. Өз намысын қорғаған қыз есер жігітке кіріптар болмайды, есті жігітке ес қосады. Қыз абыройлы болу үшін оның мінез-құлқы, ибалы, иманды болуы керек. «Қыз қылығымен жағады» деген мақал содан қалған. Халық өсіп келе жатқан қыздың алдына өмірлік міндеттер қойып, оны орындауын қыздың абыройы деп санаған. Ізетті болу, әсем киіну, әкені күту, шешені сыйлау, дөрекі сөйлемеу, қабақ шытпай жүру, үлкеннің алдынан кесіп өтпеу, ұқыпты болу, өсек айтпау, бала тәрбиесін білу, ұлт дәстүрлерін құрметтеу, ана тілін ардақтау, орынсыз сөз таппау, арқан есе білу, қой сауа білу, кілем тоқи білу, кесте тіге білу, тағы басқа іс-әрекеттер мен мінез-құлықты қасиеттер, иман жүзді, абзал жанды қыздың бойында болу керек деп есептеген. Отбасында да, балар бақшасында, мектепте де, көпшілік орындарда да баланы ел намысына, қыз абыройына сәйкес тәрбиелеу баршамыздың міндетіміз.

 

Бата, тілек – Адам баласына жақсылық ойлау, оған тілек айту қазақ халқының дінге байланыссыз, алғашқы қауымнан қалыптасқан дәстүрі. Кейіннен келе тілек айту сол тілекке жету «Құдіретке байланысты» деген сеніммен бата қалыптасты да оған діни сөздер тірек болды. Шын мәнінде тілек дегеніміз – бата, бата дегеніміз – тілек «Үйің құтты болсын», «сапарың оң болсын», «жақсы  жатып жайлы тұрыңыз» деген тілектер, қысқа баталық өздер. Халық дәстүрінде батаны жасы үлкен Адам немесе қария беру керек. Бата, тілек жастарды бірлікке, әділеттікке, адамгершілікке тәрбиелейді. Бата ризашылық ниеттің көрінісі ретінде де айтылады. Сондықтан бата, тілектің де тәрбиелік мәнін пайдалана білу керек.

 

Әдеп сақтау (этикалық қалып) қазақ халқының  тарихи қалыптасқан қоғамдық саласының практикалық көрінісі, әлеуметтік тәртіптің, борыш пен міндеттің заңды айғағы. Халық өмірлік практикада ешбір тиым салусыз-ақ өз қалауынан адамгершілік, мақсат-мүддеге сәйкес әдептілікті, әдеп сақтау жүйесін қалыптастырған. Әрине, «Туына қарай аңы, заманына қарай заңы», «Әр елдің заңы басқа, иті бар қара қасқа», дегендей әдеп сақтаудың тарихи таптық, әлеуметтік ерекшеліктері де болған. Ал қазақ халқының әдеп сақтау дәстүрі ешбір тапты, ұлтты нәсілмен, жыныс айырмашылықтарын алаламайды. Онда релятивизм, абсолютизм, анитетеза дегендер болмайды. Әдеп сақтаудың әлеуметтік, қоғамды мәні зор. Әулет, әлеумет қоғам мүшелері қалыптасқан әдептілікті бұзбауға міндетті. Әдептілікті бұзған адамға кез-келген қоғам мүшесі жасына, нәсіліне қарамай өз пікірін айтуға тыйым салуға ерікті, өйткені әдеп сақтау - әлеуметтік дәстүр. Әдеп сақтаудың экологиялық мәні де зор. Әдепті адам табиғатты қорғай білуге тиіс. Табиғаттың әсемдігіне, әдемілігіне кір келтірмеуге міндетті. Суды былғау, талды кесу, қайнардың көзін ашпау, жолдағы кедергі атты алып тастамау, құдыққа түкіру, нанды лақтыру әдептілік емес. Халық ондай әдепсіздікті кешірмейді. Әдеп сақтау этикет яғни, мінез-құлық пен қарым-қатынастың қалыптасқан халықтың ережесі. Ол ереже бұзылса, халықтық дәстүр де бұзылады, ұлттық намысқа нұқсан келеді. Әдеп сақтау ұлттық рәсімге, тәртіпке, ережеге амалсыз бағыну емес. Сол заңдылықтарды құрметтеу, қастерлеу, атап айтқанда адамгершілік борышты өтеу болып табылады. «Әдептілік, әдемілік» дейді халық. Әдеп сақтаудың психологиялық әсері де мол болады. Әдептілік, имандылық, кішіпейілділік, көпшілдік деген сөз. Отбасында әлеуметтік қарым-қатынастың негізі ретінде әрбір адам әдеп сақтауды қатаң қадағалайды. Әдептілік бұзушылыққа жол бермейді. Тәртіп сақтау үшін, қалыптасқан ережені заң деп түсінуді талап етеді. Талап қою, әдептіліктің орындалуына талап – ету әулеттің бәрінің міндеті. Балалар бақшасында «әдеп, әдептілік» деген сөздер айналасында әңгіме, ойын ұйымдастырылады, ертеңгілік өткізіледі. Көшеде жүру, көпшілік ортасында болу, үлкендерге орын беру, кішіге қамқорлық жасау қарт адамдарды қадірлеу, ата-ананы ардақтау, жолдастық қарым-қатынас, сәлемдесу, табиғатты қорғау (тал егу, гүлді күту, көгалды таптамау т.б.) тақырыптарды тәрбиешілер әдеп сақтау жөнінде жоспарлы түрде тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Мектепте әдеп сақтау дәстүрі оқушылар ережесімен пионер, комсомол ұйымдарының тәрбиелік жұмыстарымен байланыстырылады. Сынып жетекшісі «әдеп дегенді қалай түсінеміз», «әдептілік деген не?», «әдеп сақтау адамгершілік» т.б. тақырыптарда сынып сағатын өткізеді. Әдеп сақтау жөнінде мектеп қабырғасында әсем безендірілген жарнамалар бала тәрбиесіне ерекше әсер етеді. Әдептілік жөнінде мектепте арнайы апталық ұйымдастырылып, оның соңы жалпымектептік кешпен ұштастыру қызықты өтеді. Әдеп сақтау кешіне ата-аналар, ұстаздар, өнер адамдары, ақын-жазушылар қатыстырылады. Отбасында, балалар бақшасында, мектепте, әдептілік жөніндегі әңгімелер мен өлеңдерді оқып, ол шығармалар туралы пікірлесудің мәні зор. 

"Ұрпаққа" жинағынан алынды

Кіру түрі
Е-майл:
Кілтсөз:
Фотосуреттер

Іздеу
Күнтізбе
«  Ақпан 2012  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
  12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
272829
Мұрағат
Сілтемелер
  • Қазақша Уикипедия
  • Мәдени мұра
  • Тіл порталы  
  • Ертіс дидары
  • Мен қазақпын сайты
  • Қазақтар сайты
  • Мәскеу қазақтары
  • Мәссаған порталы
  • Абай порталы
  • Электронды кітапхана

     
  • Кездесейік  * Сөйлесейік * Бірігейік  ***   Copyright Kayranelim © 2009-2011
    Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде сілтеме жасалуы тиіс
    Форумдағы, чаттағы жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып есептелмейді
     
     Whois.1in.kz - рейтинг лучших сайтов Казнета Рейтинг ресурсов KAZ.KZ Resurs.kz: сайты Казахстана и раскрутка сайта Создать сайт бесплатно Каталог Казахстанских ресурсов TABU Сайты Казахстана, казахстанские сайты, казахские сайты, сайты в Казахстане HotLog